Accessibility links

"Он жылға және жеті жылға қамалсын". Сот Перизат Қайрат пен анасына үкім шығарды


«Biz Birgemiz Qazaqstan» қайырымдылық қорының жетекшісі - Перизат Қайрат. Фото Instagram парақшасынан алынған.
«Biz Birgemiz Qazaqstan» қайырымдылық қорының жетекшісі - Перизат Қайрат. Фото Instagram парақшасынан алынған.

25 шілде күні Астананың қылмыстық істер жөніндегі соты Biz Birgemiz Qazaqstan қайырымдылық қорының бұрынғы жетекшісі Перизат Қайратты 10 жылға, оның анасы Ғайни Алашбаеваны 7 жылға бостаныдғынан айыруға үкім шығарды. Бұған қоса екеуін 50 жәбірленушіге 1,5 млрд теңге төлеуге міндеттеді.

Сот Перизат Қайрат пен Ғайни Алашбаеваны қайырымдылыққа деп жиналған 3,5 миллиард теңгеден астам қаржыны жымқырғаны үшін айыпты деп таныды.

Бұған дейін прокурор соттан Қайратқа 10 жыл, ал анасына 8 жыл түрме жазасын беруді сұраған.

Екеуі де өздеріне тағылған айыпты мойындаған жоқ. Айыпкерлердің сұрауы бойынша, сот процесіндегі екеуінің сот тергеуіне жауап берген бөлігі жабық өтті.

Жұма күні сотталушылар соңғы сөзін айтқан отырысқа БАҚ өкілдері қатыстырылмады. Журналистер үкімді сот залынан бөлек бөлмеде орнатылған монитордан тыңдады.

Қайырымдылыққа деп жиналып, қолды болған қаржы

Перизат Қайрат 2024 жылдың қараша айында ұсталған. Оған бастапқыда сол жылы көктемде болған тасқыннан зардап шеккен адамдарға көмек ретінде жиналған 1,5 миллиард теңгеден (3 миллион доллардан) астам қаржыны жымқырған деген айып тағылды.

Тергеу болжамы бойынша, ол ақшаға Астанадағы төрт қымбат тұрғын үй кешенінен пәтерлер, Mercedes-Benz S450, Lexus LX-600 және Haval маркалы қымбат көліктер мен басқа да бағалы бұйымдар сатып алынған.

Кейін оған тағы бір айып тағылып, Қайрат Палестинаға көмекке деп жиналған 200 миллион теңгеден (шамамен 400 мың доллар) астам қаражатты да жымқырған деген күдікке ілінді.

Соттағы сөзінде прокурор айыпталушылар Перизат Қайрат пен Ғайни Алашбаева жиынтығы 1 миллиард теңгеден астам ақшаны заңды айналымға енгізіп, мүліктің бір бөлігін үшінші тұлғалардың, соның ішінде туыстарының атына рәсімдеген деп мәлімдеді. Мысалы, Палестина тұрғындарына деп жиналған қаржының бір бөлігі Rebel Flowers гүл саудасы дүкенін сатып алу жолымен заңдастырылған дейді тергеушілер.

Тағылған айыпты мойындамады

Перизат Қайрат өзіне тағылған айыптарды мойындаудан бас тартып, оларды "тергеушілердің қиялы" деп атады.

"Бұл келтіргендері негізсіз деп есептеймін. Тергеушілердің қиялы үшін мен жауапты емеспін. Мынадай негізсіз айыпты мойындамаймын. Болашақта нақты дәлелдермен өзімді қорғаймын", – деді ол сотта.

34 жастағы Перизат Қайрат пен оның 62 жастағы анасы Ғайни Алашбаеваның ісі бойынша сот процесі 9 шілдеде Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық арнаулы сотында басталған. Сот тыңдауына төрағалық етуші судья Сабыржан Кәрімов журналистерге айыпталушыларды, олардың адвокатын фото-видеоға түсіруге, сот залынан тікелей трансляция жүргізуге тыйым салды. Ол бұған қоса айыпталушылардың сот тергеуі барысында берген жауабын, түсіндірмелерін тыңдағанда және айғақ-дәлелдерді зерттеу кезінде БАҚ өкілдері қатыстырылмайтынын айтты. Өйткені жеке басқа қатысты мәліметтер қаралған кезде құпиялығын сақтауды заң талап етеді деп түсіндірді судья өз шешімін.

Алдын ала сот тыңдауы кезінде Перизат Қайрат өзі қамауда отырған тергеу абақтысы қызметкерлері "күш көрсетті" деген мәлімдеген еді. Оның сөзінше, "мекеме қызметкері камера есігін күштеп жапқан кезде оны есік арасына қысып, денесіне жарақат түсірген". Қайраттың бұл мәлімдемесі прокуратураға жолданып, Астана қаласының полиция департаменті Қайраттың арызы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды және тиісті сараптама тағайындалды деп мәлімдеді.

Полиция департаменті тергеу абақтысының бейнебақылау камераларындағы жазбалар зерттеліп, қызметкерлер мен куәлардан жауап алынғанын және "Қайраттың мекеме қызметкерлері камера есігін жапқан кезде оған дене жарақатын салғаны туралы сөздері расталмағанын" хабарлаған.

Қоғамда резонанс тудырған Перизат Қайраттың ісі бойынша тергеу, одан кейін сот болып жатқан шақта Қазақстан билігі "Қайырымдылық қызмет туралы" заңға өзгертулер енгізуді қолға алды.

Ұсынылып отырғандардың арасында қайырымдылық қорларын аккредиттеуден өтуге міндеттеу, төтенше жағдай кезінде әкімдіктер белгілеген ұйымдар ғана қаражат жинай алады деген тәртіп енгізу, ал өз бетінше рұқсатсыз қаражат жинаған жеке адамдарға айыппұл салу тәрізді өзгертулер бар.

Қайырымдылық пен алаяқтықтың арасы. Перизат Қайрат ісінің жай-жапсары
please wait

No media source currently available

0:00 0:12:45 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG